Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • be 24-саб., 160-б.—165-б., 1-абз.
  • Сөздерді таңдай білу

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Сөздерді таңдай білу
  • Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз
  • Ұқсас мәлімет
  • Тіліңді жақсылыққа қолдан
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Өзгелердің “рухын көтеретіндей” етіп сөйле
    Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар
  • Жатық сөйлеу
    Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз
  • Жақсы сөз — жан азығы
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
Көбірек мәлімет
Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз
be 24-саб., 160-б.—165-б., 1-абз.

24-САБАҚ

Сөздерді таңдай білу

Не істеуің керек?

Ізет-құрмет пен мейірбандылықты көрсететін, түсінуге жеңіл әрі сөзіңді түрлендіріп, күшейтіп көрсететін және сезімді білдіретін сөздерді қолдан. Сауатты сөйле.

Бұл неге маңызды?

Сөздерді дұрыс қолдану айтып жатқан хабарыңды бағалайтыныңды, сондай-ақ сөйлесіп тұрған адамдарыңа қалай қарайтыныңды көрсетеді. Бұл айтқандарыңды өзгелер қалай қабылдайтынына да әсер етеді.

СӨЗДІҢ құдіреті зор: ол ойымызды білдіруде қолданатын құрал болып табылады. Бірақ айтылған сөз өз мақсатына жету үшін оны мұқият таңдай білуіміз қажет. Қандай да бір жағдайда орынды болған сөздер өзге бір жағдайда орынсыз болып, бәрін бүлдіреді. Орынсыз айтылған қалжың сөздер жанға ‘ауыр тиеді’. Бұл көбінесе ойланбай, өзгелердің сезімін ескермей сөйлегендіктен болады. Кейбір сөздер көп мағыналы болып, оның бірі адамды қорлайтындай болып келеді (Нақ. с. 12:18; 15:1, ЖД). Бірақ адамның рухын көтеріп, жүрегін қуанышқа кенелтетін “жақсы сөз” де бар (Нақ. с. 12:25). Дұрыс сөз таңдай білу үшін тіпті дана адамның өзі де жалықпай күш салу қажет. Киелі кітапта айтылғандай, Сүлеймен “көркем сөздер” мен тура айтылған ‘шындық сөздерді’ іздеп табу керектігін түсінген (Еккл. 12:10).

Кей тілдерде жасы үлкендермен не билік иелерімен сөйлескенде қолданылатын сөздер бір бөлек те, құрбы-құрдастарға немесе жасы кішілерге айтылатын сөздер бір бөлек болады. Мұны ескермеу әдепсіздік деп саналады. Сонымен қатар өзгелерге ізет-құрмет білдіру үшін қолданылатын сөздерді өзіңе қолданғаның да орынсыз болып табылады. Айналамыздағыларға құрмет көрсету жөніндегі заң мен жергілікті әдет-ғұрыптың талаптарынан Киелі кітаптың қоятын талаптары жоғарырақ. Киелі кітап ‘адамдардың бәрін сыйлауға’ шақырады (Пет. 1-х. 2:17). Осыны шын жүректен қабыл алғандар кез келген жастағы адамдарға құрмет көрсетіп сөйлейді.

Шынайы мәсіхші еместердің көпшілігі дөрекі де тұрпайы сөздерді қолданып сөйлейтіні рас. Бәлкім, олар мұндай сөздерді айтқандары “нанымды шығу” үшін, я болмаса сөз қорлары тым жұтаң болғандықтан айтатын шығар. Егер әлдекім Ехобаның талаптарымен танысқанға дейін осындай тұрпайы сөздерді қолданып сөйлеуге әдеттенген болса, олардан арылу оңайға соға бермейді, десе де, бұл мүмкін. Құдай рухы адамға жақсы сөздерді қолданып сөйлеуге көмектесе алады. Бірақ адамның өзі де сөздік қорын жақсы сөздермен, яғни игі әрі өзгелердің сенімін жетілдіретін сөздермен толтырып, оларды үнемі қолдануы керек (Рим. 12:2; Ефес. 4:29; Қол. 3:8).

Түсінуге жеңіл сөздерді қолданып сөйлеу. Жақсы сөйлеуге қойылатын негізгі талап — сөздердің түсінікті болуы (Қор. 1-х. 14:9). Қолданып жатқан сөздеріңді тыңдаушыларыңның түсінуі қиын болса, онда олар үшін шет тілінде сөйлеп тұрғандай боласың.

Кейбір сөздердің тек белгілі бір мағынасы бар, әрі кәсіби сөздерге жатады. Оларды мамандар күнде қолданады. Ал егер сен сол сөздерді жөнсіз қолданатын болсаң, өзгелер түсінбей қалуы мүмкін. Тіпті күнделікті қолданыстағы сөздерді пайдаланған күнде де, егер ұсақ-түйек нәрселерге тоқтала берсең, тыңдаушыларыңның көңілі бөліне бастайды.

Қырағы баяндамашы білімі нашар адамдар да жеңіл түсінетін сөздерді таңдайды. Ехобаға еліктей отырып, ол ‘кедейлерді’ де ескереді (Әйүп 34:19). Егер баяндамашы қандай да бір таныс емес сөзді міндетті түрде қолдану қажет деп тапса, онда оның мағынасы мәнмәтіннен айқын көрініп тұру үшін сөйлемдерді өте қарапайым етіп құрастыру керек.

Қарапайым, бірақ дұрыс таңдалған сөздер ойды әлдеқайда күшті жеткізеді. Қысқа да қарапайым сөйлемдерді түсіну оңай. Үзік-үзік сөйлеп тұрғандай болып қалмас үшін, оларды ұзындау сөйлемдермен кезектестіріп отыруға болады. Әсіресе тыңдаушыларыңның есінде қалсын деген ойларды қысқа да нұсқа сөйлемдермен жеткізу қажет-ақ.

Түрлі сөздерді қолдану және дәлдік. Жақсы сөздер өте көп. Әр түрлі жағдайға бір сөзді не сөз тіркестерін қолданбай, түрлі сөздерді қолдан. Сонда әсерлі әрі мағыналы сөйлейтін боласың. Ал сөз қорын қалай көбейтуге болады?

Оқып отырғанда онша түсінбеген сөздеріңді белгілеп алып, олардың мағынасын сөздіктен қара. Сондай бірнеше сөзді таңдап ал да, реті келгенде, оларды саналы түрде қолдануға тырыс. Олардың дұрыс айтылуы мен өз орнымен қолданылуын қадағала, сонда оларды түсіну жеңіл болып, ешкімнің ойын бөлмейді. Сөз қорыңды көбейте отырып, түрлі сөздерді қолданып сөйлейтін боласың. Бірақ бұл жерде абай болатын жайт бар: егер адам сөздерді дұрыс айтпай не жөнімен қолданбай жатса, өзгелер айтып жатқандарын өзі де түсінбейді деп ойлап қалуы мүмкін.

Сөз қорын көбейтудегі мақсатымыз — тыңдаушылардың көңілін өзімізге аудару емес, білімді неғұрлым жақсырақ жеткізу. Күрделі сөйлесе және ұзын сөздерді қолданса, адам жұрттың назарын өзіне аударады. Ал біздің ниетіміз құнды білімді өзгемен бөлісу әрі оларды қызғылықты етіп жеткізу болу керек. Киелі кітаптағы нақыл сөздерде: “Дананың тілі білімді мақтар”,— деп айтылғанын есте ұста (Нақ. с. 15:2). Жақсы әрі дөп айтылған, түсінуге жеңіл сөзден тыңдаушы жалықпайды, қайта, жігерленіп, іс-әрекетке талпынады.

Сөз қорыңды көбейткенде, сөздерді өз орнымен қолдануға ерекше мән бер. Сөздер мағынасы жағынан өте жақын болуы мүмкін, бірақ білінер-білінбес айырмашылығы оларды әр түрлі жағдайларда қолдануға мүмкіндік береді. Осыны түсінсең, ойыңды нақтырақ және өзгенің көңіліне ауыр тимейтіндей етіп жеткізе аласың. Жақсы сөйлейтіндерге мұқият құлақ сал. Кейбір сөздіктерден сөздердің синонимдері (мағыналары бір-біріне жақын сөздер) мен антонимдерін (қарама-қарсы мағыналы сөздерді) табуға болады. Осылайша бір ойды түрліше жеткізуге болатынын және әр түрлі мағыналық реңктерді көрсетуге болатынын байқайсың. Бұл керекті ойды дәл жеткізу үшін қажет сөзді іздегенде өте пайдалы. Жаңа сөзді қолданбас бұрын, оның мағынасын, дұрыс айтылуы мен қай жағдайларда қолдануға болатынын жақсы түсінгеніңе көз жеткізіп ал.

Жалпылама айтыла салған жай сөйлемдерге қарағанда, нақты айтылғандарды тыңдаушылар айқынырақ елестете алады. Мысалы, баяндамашы: “Сол уақытта көп адам ауырды”,— деуі мүмкін. Яки: “Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірнеше айдың ішінде шамамен 21 000 000 адам “испанка” тұмауынан қаза болды”,— деп айтуы да мүмкін. Осы екінші жағдайда “сол уақытта”, “көп адам” және “ауырды” деген сөздердің не жөнінде екенін ашып бергенде, қандай үлкен айырмашылықты байқауға болады десеңші! Мәліметті осылай жеткізу үшін сол тақырып жөнінде біраз деректерді білу керек және сөздерді ұтымды таңдай білу қажет.

Ойды дөп жеткізетін сөздер көп сөзділіктен аулақ болуға көмектеседі. Көп сөзділік ойды көмескілеп тастайды. Ал қарапайымдылық, керісінше, айтылғандардың мағынасын жеңіл түсініп, маңызды нәрселерді есте сақтауға, сондай-ақ мәліметті тура жеткізуге көмектеседі. Иса Мәсіх өте қарапайым сөйлеген. Содан үйрен. (Матай 5:3—12 мен Марқа 10:17—21 дейінгі тармақтардағы мысалдарды қара.) Ойыңды қысқа да нұсқа етіп айтуға тырыс.

Күшті, әсерлі және сезімді білдіретін сөздер. Сөз қорын молайтқанда, жаңа сөздерді ғана емес, өзіндік ерекшелігі бар сөздер жайлы да ойлан. Мысалы, күшейтіп көрсететін етістіктерді, әсерлі ететін сын есімдерді, жылы сезімдер мен мейірімділікті және айтылып жатқандарға байыпты көзқарасты білдіретін сөздерді түртіп алып жүр.

Киелі кітапта бейнелі сөздер қолданылған мысалдар өте көп кездеседі. Мысалы, Ехоба Амос пайғамбарға мынадай бұйрық берген: “Жамандықты емес, жақсылықты іздеңдер... Зұлымдықты жек көріп, жақсылықты сүйіңдер” (Амос 5:14, 15). Самуил пайғамбар болса Саул патшаға: ‘Жаратқан Ие бүгін сенен патшалық билікті алды [“тартып алды”, ЖД]’,— деп жариялаған болатын (Пат. 1-ж. 15:28). Ехобаның Езекиелге: “Исраил үйінің бәрі де тас маңдай және тас жүрек”,— деп айтқан сөздерін, шынында да, ұмыту мүмкін емес (Езе. 3:7). Исраилдің күнәсінің ауыр екеніне баса назар аударып, Ехоба былай деп сұрады: “Адам Құдайды тонай ма екен? Ал сендер мені тонап жатырсыңдар” (Мал. 3:8). Шидрақ, Мишақ, Абденагоның Бабылда жүргенде сенімдері қалай сыналғанын Даниялдың әсерлі етіп суреттегеніне назар аударшы. Олар мүсінге табынудан бас тартқанда, “Набуходоносор қаһарына мініп”, үшеуін “жалындаған отты пешке тастауға” бұйрық береді. Оқырманға оттың жалыны қаншалықты күшті болғанын елестетуге көмектесу үшін, Даниял патшаның ‘пешті әдеттегіден жеті есе күшті етіп жағуды бұйырғанын’ жазған. Оттың жалындағаны сонша, оның жанына барған патшаның қызметшілері от жалмап өліп кетеді (Дан. 3:19—22). Өлерінен бірнеше күн бұрын Иса Иерусалимнің тұрғындарына деген сезімін былай білдірген: “Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым, бірақ сендер одан бас тарттыңдар! Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады” (Мат. 23:37, 38).

Ұтымды таңдалған сөздер тыңдаушыларға айтылғандарды айқын елестетуге көмектеседі. Түйсік-сезіммен байланысы бар сөздерді қолданғанда, тыңдаушыларың айтқан нәрселеріңді көздерімен көріп, ұстап тұрғандай болады, тағамның дәмін, иісін сезеді, сонымен қатар дыбыстар мен оқиға кейіпкерлерінің дауыстарын еститін болады. Олар сені қызығып, ұйып тыңдайды, өйткені айтып жатқандарың көз алдарында болып жатқандай елестейді.

Әсерлі сөздер адамдарды күлдіре де, жылата да алады. Жүректе үміт отын жағып, еңсені көтеріп, адамды қайтадан өмірге құштар етеді және Жаратушысына деген сүйіспеншілігін оятады. Киелі кітаптағы Забур 36:10, 11, 34; Жохан 3:16 және Аян 21:4, 5 сияқты тармақтардағы үміт беретін сөздер жер жүзіндегі адамдарға қатты әсер етуде.

Киелі кітап пен ‘адал да ақылды құлдың’ беріп отырған әдебиеттерін оқығанда, сан алуан сөздер мен тіркестерді табасың (Мат. 24:45, ЖД). Олар сол қағаз бетінде қалып қоймасын. Ішінен өзіңе ұнағандарын таңдап алып, күнделікті өміріңде қолдан.

Сауатты сөйлеу.Көп адам барлық уақытта дұрыс сөйлей бермейтінін байқайды. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

Мектеп оқушысы болсаң, тіл ережелерін жақсы меңгеру мен оларды дұрыс қолдануды үйреніп алу мүмкіндігін пайдаланып қал. Егер қандай да бір ережені жақсы түсінбей жатсаң, мұғалімнен көмек сұра. Жақсы баға алуды көздеп, ең қажетті деген нәрселерді ғана білумен шектеліп қойма. Сені бұған өзге оқушыларда жоқ нәрсе талпындыру керек: сен ізгі хабарды тарататын жақсы қызметші болғың келеді.

Ал мектепті бітіріп қойғандар мен басқа тілде сөйлеуге тура келетіндер жайлы не деуге болады? Немесе ана тілін жете меңгеруге мүмкіндіктері болмағандар ше? Еңсені түсірудің қажеті жоқ. Мұның орнына, тілді меңгеріп алуға барынша күш сал, әрі мұны ізгі хабар үшін істеп жатқаныңды ұмытпа. Тілге қатысты көп нәрсені біз өзгелерді тыңдау арқылы үйренеміз. Сондықтан да тәжірибелі баяндамашылар сөйлеп жатқанда, мұқият бол. Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді оқығанда, сөйлемнің құрылымына, сөз тіркестері мен олардың қандай мәнмәтінде қолданылатынына назар аудар. Білгендеріңді іс жүзінде қолдануға тырыс.

Ойын-сауық бағдарламаларын жүргізушілер мен әншілер жиі тіл ережелерін бұзып сөйлейді. Ал көп адам соларға еліктейді. Есірткі сататындардың, қылмыскерлер мен азғын өмір кешетіндердің өз тілі бар, олар жиі кәдімгі сөздерді өзгеше бір мағынада қолданады. Мәсіхшілердің осы дүниелік адамдарға еліктеуі ақылдылыққа жатпас еді. Солар сияқты сөйлейтін болсақ, адамдар бізді сол ортаның адамдары, демек, солар сияқты өмір кешеді деп ойлап қалуы мүмкін (Жох. 17:16).

Күнделікті сөйлескенде сауатты сөйлеуге тырыс. Ауызекі сөйлеуде қалай сөйлейтініңе мән беруді қадағаламасаң, онда аса қажет болған жағдайда да әдемі сөйлей алмайсың. Ал егер күнделікті жағдайда да дұрыс сөйлеуге тырыссаң, көпшілік алдына шығып сөйлегенде не уағыздағанда да солай сөйлейтін боласың.

СӨЗ ТАҢДАУДЫ ҮЙРЕНУ ҮШІН

  • Осы тарауда талқыланған кеңестердің бірін таңдап ал да, онымен бір ай не одан көбірек уақыт бойы жұмыс істеуді мақсат етіп қой.

  • Оқып жатқанда не тәжірибелі баяндамашыларды тыңдағанда, мақсатыңды үнемі есіңде ұста. Қолданғың келген сөздер мен тіркестерді жазып ал. Оларды таяудағы бір-екі күннің ішінде қолдануға тырыс.

ЖАТТЫҒУ: Осы аптада “Күзет мұнарасын” зерттеу не қауымның кітап зерттеу кездесуіне дайындалғанда, мағынасын жақсы түсінбеген бірнеше сөзді таңдап ал. Мүмкін болса, оларды сөздіктен қара, я болмаса тілді жақсы білетін біреуден сұра.

Сөз қорымды толтырғым келген сөздер және олардың көмегімен мына мақсаттарға қол жеткізгім келеді:

Әр түрлі сөздерді қолданып Әсерлі де күшті, терең мағыналы

сөйлеу және ойды дәл сөздерді қолданып сөйлеу үшін

жеткізу үшін

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․ ․․․․․․․․․․․․․․

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу