7-САБАҚ
Негізгі ойларға айрықша назар аударып оқу
ЖАҚСЫ оқи білетін адам оқып отырған сөйлемін, не тіпті абзацын, көріп қана қоймай, бүкіл мәтіннің негізгі ойларын есте ұстап, соған сәйкес керек жеріне айрықша назар аударып оқып отырады.
Егер бұлай істемесе, сөзі бір сыдырғы болып, ештеңеге баса назар аударылмай, ақыр соңында тыңдаушыларға нақты бір нәрсені еске түсіру қиын болады.
Негізгі ойларға айрықша назар аударып оқуға жеткілікті көңіл бөлу арқылы Киелі кітапты дауыстап оқуды жақсартуға болады. Үй жағдайында Киелі кітапты зерттеу сабағына немесе қауым кездесуінде абзацтарды оқуға қатысты да осыны айтуға болады. Негізгі ойларға айрықша назар аударып оқуды әсіресе конгрестерде дайын мәтінді қолданып баяндама айтқанда ескеру керек.
Негізгі ойларды қалай анықтауға және айрықша назар аударып оқуға болады? Мектепте саған Киелі кітап тармақтарын оқуды тапсыруы мүмкін. Айрықша назар аударып оқу керек ойларды қалай анықтауға болады? Егер Киелі кітап үзіндісінде оның өзегі болып табылатын қандай да бір ой не маңызды оқиға жазылған болса, соларға айрықша назар аударып оқу керек.
Оқып жатқаның мейлі өлең, проза, нақыл сөз я жай әңгіме түрінде жазылса да, егер оны жақсылап оқитын болсаң, бұдан тыңдаушыларыңның алатын пайдасы зор болады (Тім. 2-х. 3:16, 17). Ол үшін мәтінді талдап шығып, тыңдаушыларың жайлы да ойлануың керек.
Киелі кітапты зерттеу сабағында не қауым кездесуінде айрықша назар аударып оқу керек ойларды қалай анықтауға болады? Абзацтарға қойылған сұрақтардың жауаптарын негізгі ойлар деп қарастыр. Сонымен қатар тақырыпшасына тікелей қатысы бар ойларды да айрықша назар аударып оқы.
Кездесулерде баяндама айтушылар мәтінді бастан-аяқ жазып алып оқуды әдетке айналдырмағандары дұрыс. Бірақ кейде барлық конгресте бірдей ойлар айтылу үшін және оларды бірдей жеткізу үшін баяндаманың дайын мәтіні беріледі. Мұндай баяндаманы негізгі ойларға айрықша назар аударып айту үшін баяндамашы алдымен мәтінді жақсылап талдап алу керек. Ондағы негізгі ойлар қандай? Баяндамашы осыны анықтай алатындай болу керек. Негізгі ойлар — тек оған қызық болып көрінген ойлар емес. Бұлар бүкіл баяндамаға негіз болатын ең басты ойлар. Кейде негізгі ой қысқаша айтылып, одан кейін қандай да бір мәлімет айтылады немесе бірқатар дәлелдер келтіріледі. Бірақ көбінесе алдымен дәлелдер келтіріледі де, соңынан нақты тұжырым жасалады. Баяндаманың негізгі ойларын анықтаған соң, баяндамашы оларды мәтінде белгілеп алу керек. Әдетте мұндай ойлар төрт-бесеуден артық болмайды. Содан кейін тыңдаушылар негізгі ойларды оңай байқай алатындай етіп оқып жаттығу керек. Негізгі ойлар — баяндаманың ең маңызды тұстары. Егер мәліметтегі негізгі ойларға айрықша назар аударылса, олардың есте қалуы оңай болады. Баяндамашының мақсаты да осы болу керек.
Тыңдаушылардың оларды байқай алуына көмектесу үшін негізгі ойларға айрықша назар аударудың әр қилы жолдары бар. Мысалы, зор шабытпен не сезіммен айтуды, сондай-ақ сөйлеу қарқынын өзгерту мен түрлі ишарат жасауды және тағы да басқа жолдарды қолдануға болады.