2-САБАҚ
Анық сөйлеу
ТЫҢДАУШЫЛАРЫҢА ойыңды жақсы жеткізе білу үшін анық сөйлеуің керек. Айтқалы отырғаның өте қызықты, тіпті маңызды болуы мүмкін, бірақ сөздеріңді түсіну қиын болса, мұның бәрі далаға кетеді.
Адам айтылып жатқанды түсінбесе, әрекет жасауға талпынбайды. Сөйлеушінің даусы, мейлі, қатты әрі сазды болсын, егер ол анық сөйлемесе, тыңдаушыларға әсер етпейді. Бұл тыңдаушылар түсінбейтін шет тілінде сөйлеп тұрғанмен бірдей болады (Ер. 5:15). Бұл жөнінде Киелі кітап: “Егер керней белгілі әуенді тартпаса, кім шайқасқа дайындалмақ? Дәл сол сияқты сендер өз тілдеріңде Құдайдың хабарын түсінікті қып айтпасаңдар, тыңдаушылар не туралы айтқандарыңды қайдан білмек? Сөздеріңнің желмен ұшып кеткені ғой”,— деп ескертеді (Қор. 1-х. 14:8, 9).
Анық сөйлеу неге қиын? Бұл ауызды кеңірек ашпағандықтан болуы мүмкін. Жақ бұлшық еттері жиырылып, ерін білінер-білінбес қимылдаса, сөздерің анық айтылмайды.
Адам өте жылдам сөйлегенде де, сөздерін түсіну қиынға соғуы мүмкін. Бұл үнтаспаға жазылған баяндаманы жылдам айналдырып тыңдағанға ұқсайды: оны бастан-аяқ ешбір сөзін қалдырмай тыңдасаң да, ештеңе түсінбейсің.
Кейбір жағдайларда дыбыстау мүшелерінің кемшілігінен де сөздер түсініксіз шығады. Бірақ солай болған күнде де, осы сабақта берілген кеңестерді қолданып, қандай да бір жетістіктерге жетуге болады.
Алайда анық сөйлемеу көбінесе сөздерді бір-бірімен қосып айтудан, сөз буынын, әріптерін жұтып не жалғауларын тастап кетуден болады. Егер адам сөздерді бір-бірімен қосып, біріктіріп айтса, оның тыңдаушылары кейбір ойлар мен сөз тіркестерін ғана ұғады да, қалғандарын топшылауларына тура келеді. Олай болса, сөздерді анық айтпау нәтижелі тәлім беруге кедергі жасайды.
Анық сөйлеуді қалай үйренуге болады? Сөздерді анық айтудың бір жолы — өз тіліңдегі сөздердің жасалу жолдарын білу. Көптеген тілде сөздер буындардан тұрады. Буын — сөздерді айту кезіндегі ауаның қарқынмен кілт үзіліп шыққан бір немесе бірнеше дыбыстар тізбегі. Мұндай тілдерде әдетте буындардың барлығы айтылады; буын екпінді және екпінсіз болып келеді. Егер сөздерді анық айтқың келсе, асықпай сөйлеуге және барлық буынды айтуға тырыс. Алғашында сөздерің тым анық шығуы мүмкін, бірақ жаттыға келе, сөздерді жатық айтатын боласың. Жүгіртіп оқу үшін кейбір сөздерді бірге айту керек, бірақ сөздерің түсініксіз болып жатса, бұлай етпеген жөн.
Ескерту. Сөздерді анық айтуды үйренгенше, тым айқын сөйлеуге не оқуға тура келер. Бірақ бұл әдетке айналып кетпесін. Әйтпесе сөйлеу мәнерің жасанды болып көрінеді.
Егер түсініксіздеу сөйлейтін болсаң, бұл басыңды тым төмен түсіріп сөйлегендіктен болар, сондықтан басыңды көтеріп сөйлеуді үйрен. Киелі кітапты оқығанда сәл жоғарырақ ұста, сонда назарыңды тыңдаушылардан Киелі кітапқа аударғанда, көзіңді сәл ғана түсірсең жеткілікті болады. Сол кезде сөйлеу оңай болатынын байқайсың.
Сөйлегенде өзіңді еркін ұстауды да үйрену маңызды. Бет бұлшық еттерінің жиырылып тұруы немесе еркін тыныс алмау — адамның қалай сөйлейтініне әсер ететіні жақсы белгілі. Бұл дауыстың түзілуіне қатысатын дыбыстау мүшелері мен мидың және тыныс жолдарының өзара үйлесімді және бірқалыпты жұмыс істеуіне кедергі жасайды.
Жақ бұлшық еттерін бос ұстау керек, сонда ғана олар мидан келген қозуды тез қабылдай алады. Ерінді де бос ұстау керек. Ол керекті дыбыс жасаудағы соңғы қызметті атқаратындықтан еркін қимылдауы керек. Жақ пен ерін тырысып тұрса, ауыз керегінше ашылмай, дыбыс тістің арасынан шығады. Осыдан сөздерің жағымсыз естіліп, түсініксіз болады. Бірақ бұлшық еттер мен еріндерді бос ұстаймын деп, сөздерді тым созып айтуға болмайды. Бұл жерде таразының басын тең ұстай білу керек, яғни еркін, сөйте тұра, анық сөйлеу керек.
Қаншалықты анық сөйлейтініңді дауыстап оқу арқылы білуге болады. Оқып жатқанда дыбыстау мүшелеріңнің қалай жұмыс істейтінін байқа. Аузыңды сөздерің емін-еркін шығатындай етіп кеңірек ашасың ба? Есіңде болсын, тіл ең көп қимылдайтын мүше болғанымен, дыбыстау мүшесіне ол ғана жатпайды. Астыңғы жақ, ерін, бет, мойын және тамақ бұлшық еттері де үлкен рөл ойнайды. Сөйлегенде бетің қимылдай ма? Бұлай болмаса, онда анық сөйлей алмауың әбден мүмкін.
Егер мүмкіндігің болса, өз даусыңды үнтаспаға жазып ал. Бірнеше минуттық, мысалы, қызметте әлдекімге уағыздаған сияқты, жай әңгімеңді жазып алсаң болады. Бұл саған қандай сөздерді дұрыс айтпайтыныңды байқауға көмектеседі. Тыңдап отырып, қай жерде әріпті не буынды жұтып қойғаныңды, қай жерде сөздерді анық айтпайтыныңды және толық айтудың орнына қысқартып айтқаныңды белгілеп ал да, мұның себебін анықтауға тырыс. Көбінесе жоғарыда берілген кеңестерді қолдану осындай қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі.
Ал егер тіліңнің мүкісі болса ше? Онда аузыңды әдеттегіден сәл кеңірек ашып, сөздерді айқын айтуға тырыс. Терең тыныс алып, асықпай сөйле. Бұл тәсілдер сөйлеу кемістігі бар адамдардың көпшілігіне анығырақ сөйлеуге көмектескен. Егер “с” және “з” әріптерін “ш”, “ж” деп айтатын болсаң, оларды айтқанда тіліңді алдыңғы тістерге тым тақамауға тырыс. Тіл мүкісінен толық құтыла алмасаң, ұнжырғаң түспесін. Ехоба өмірлік маңызы зор хабарды исраилдіктер мен Мысыр перғауынына жеткізу үшін сөйлеуінде кемістігі болған Мұсаны таңдап алғанын есіңнен шығарма (Мыс. ш. 4:10—12). Егер қызмет етуге дайын болсаң, ол сені де қолданады, әрі қызметіңнің жемісті болуына көмектеседі.