85-ОҚИҒА
Исаның мал қорада туылуы
МЫНА кішкентай бөбектің кім екенін білесің бе? Иә, бұл — Иса. Ол қазір ғана мал қорада туылды. Мәриям Исаны есектер мен басқа да жануарларға шөп салатын ақырға құндақтап жатқызды. Алайда неге Мәриям мен Жүсіп бұл жерде, жануарлардың арасында? Бұл бала тууға лайықты жер емес қой, солай емес пе?
Әрине, лайықты жер емес. Бірақ олардың бұл жерге келген себебі — Рим патшасы Август Цезарь әркім өзінің туған қаласына барып, тізімге тіркелсін деген жарлық шығарған еді. Жүсіп Бетлехемде туылған болатын. Алайда ол Мәрияммен бірге қалаға келгенде, олар үшін еш жерде орын болмайды. Сол себепті олар осында келіп, мал қорғаны паналауға мәжбүр болды. Дәл келген күні Мәриям Исаны туды! Өзің көріп отырғандай, бәрі де сәтті болды.
Исаны көруге келген малшыларды көріп тұрсың ба? Сол өңірдегі далада түнеп, малдарын күзетіп жатқан малшылардың төңірегіне кенет жарық сәуле нұрын төгіп жіберді. Бұл періште еді! Малшылар қатты қорықты. Бірақ періште оларға тіл қатып:
— Қорықпаңдар! Мен сендерге аса қуанышты хабар жариялаймын. Бүгін Бетлехемде Иеміз Мәсіх дүниеге келді. Ол — адамдардың құтқарушысы! Сендер оның ақырда құндақтаулы жатқанын көресіңдер,— деді. Кенет көктегі періштелердің үлкен бір тобы пайда болады да, Құдайды дәріптей бастайды. Сол заматта малшылар Исаны көруге асығып жолға шығады да, оны осы жерден табады.
Исаның ерекшелігі неде екенін білесің бе? Ол шын мәнінде кім? Осы кітаптың бірінші тарауында Құдайдың алғашқы Ұлы туралы оқығанымызды есіңе алшы. Ехоба көк пен жерді және басқа нәрселердің барлығын жаратқанда, оның Ұлы өзімен бірге еңбектеніп еді ғой. Енді Исаның кім екенін түсіндің бе!
Иә, Ехоба өзінің көктегі Ұлының өмірін жердегі Мәриямның құрсағына салды. Мәриямның құрсағындағы нәресте аналарының құрсағында өсіп жетілетін басқа балалар сияқты бірден өсе бастады. Бірақ бұл Құдайдың Ұлы еді. Сонымен осылайша Иса Бетлехемдегі мына мал қорада туылды. Періштелер Исаның дүниеге келгенін адамдарға неге сондай қуанышпен жариялағанын енді түсіндің бе?